Түркістан облысында 6 млн төрт түлік тіркелген. Мал саны жылдан-жылға өсіп, өріс көлемі үлкейген. Жем-шөпке деген сұраныс та күн санап артып, малазықтық дақылдарға басымдық беріліп жатыр. Биыл 227 мың гектарға мал азығы егілді. Бұл жалпы егістіктің 25 пайызын құрайды.
Агроқұрылымдарға мал азығын егіп, төрт түлік ісін дамытқаны үшін шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Шаруа жайы облыс әкімдігінде талқыланып, жұмыс реті зерделенді. Нұралхан Көшеров жауаптыларға жоспар әзірлеп, мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Аудан әкімдері отырмаңыздар басқарманың жұмысы ғой деп. Тікелей жауапкершілік аудан әкімінде. Мал азығын дайындаудың нақты экономикалық жоспарын бекітуді тапсырамын.»
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, былтыр өңірде қарқынды жұмыс жүргізілген. 1,5 жылдық қор қалыптастыру мақсатында, 5,5 млн тонна мал азығы жиналған.
ФАЙЗУЛЛА БАЙДУЛЛАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Ірі қара мал 1,78 млн басқа жетіп, 135 пайызға артып отыр. Қой, ешкі 4,68 млн басқа жетіп 101 пайызға, жылқы саны 478 мың басты құрап, түйе 104 пайызға өсіп отыр.»
Қыс мезгілінің шаруашылыққа жайлы, қолайлы болуына байланысты алдын ала есеп бойынша 1,9 млн тонна мал азығы сақталған. Биыл ауа райы қолайсыз болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар ширатуды қажет етеді. Сондықтан да өңір басшысы жауаптыларға нақты тапсырмаларды беріп, жұмыстарды жандандыру қажетін қайталады.