Уылдырығы қымбат бекіре балығы ауылдағы бассейнде жүзіп жүр. Өңірімізде сирек кездесетін бұл балық талғамы жақсы тұтынушылар дастарханына дәл осы жерден жол тартып жатыр.
Бұл - Түлкібас ауданы Керейт ауылындағы балық зауыты. 2012 жылы іске қосылған зауыттың қуаты жылына 100 тонна балық еті мен 1200 келі қара уылдырық дайындауға есептелген. Жобаны іске қосуға 452 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бүгінде жұмсалған қаражат толықтай ақталды.
Николай Царев, Балық зауытының меңгерушісі;
Бізде бекіре тұқымдас 5 түрлі балық. Арқан балықтың үш түрі және сүйрік балықтың 5 түрі бар. Тіпті, өте сирек кездесетін Альбинос бекіресі де бар мұнда. Ол бекіре 3 жылда бір рет уылдырық шашады. Биыл 1 келі уылдырығын 3,5 миилион теңгеге саттық.
Балық өсірілетін су артезиан құдығы мен бұлақ бастауларынан алынады. Осында арнайы өңдеуден өтіп, бассейндерге құйылады. Мұнда жергілікті 20 тұрғын жұмыспен қамтылды.
Николай Царев, Балық зауытының меңгерушісі;
Біз әріптестікке дайынбыз. Егер бізден балық сатып алатын болса, оны қалай күтіп-баптауды үйретіп беруге әзірміз.
Аквапоника деп аталатын мына жылыжайдағы бассейнге 100 мыңға жуық шабақ жіберілген. Ал, жоғары жағына көкөніс егілген. Мұндай кешен Орта Азия аумағында жоқ, теңдессіз екен.
Нұрмахан КЕНЖЕХАН