Аңдамаса, ананың құрсағында жатқанда-ақ жабысатын бұл кеселдің ақыры сәбиді кемтар етуі әбден кәдік. Бір аяқтың екінші аяқтан кемдігіне әкеліп соғады, - дейді мамандар.  Бұл тақырыпқа арнайы тоқталуымыздың себебі де – осында. Ұлт саулығына алаңдаған мамандар кеңесіне Гүлсанат Қалмырзақызы құлақ түрді.

Кішкентай Балаусаның жасы екіге енді ғана толды. Бөбектің ортан жілік ұршығы мүжілген. Дисплазия дерті сәбиді шаранасынан-ақ шыр айналдырыпты. Ал, анасы Айнұр болса, бауыр еті баласының кеселіне «жүктілік кезінде ағзаға дәрумен жеткіліксіз болған», - деп, топшылайды. Бірақ, қазір Балаусаның жағдайы жақсы. Дәрігерлер ем-дом жасап жатыр.

Айнұр Жамбылова, ата-ана;

Туылғаннан қызым осылай болып туылды. Менің екінші сәбиім. Негізі ауру онша байқалмайды. Бірақ, аяқ басуынан қызымның бір кеселі барын сездім. Қазір бейімдеу орталығында ем алып жатырмыз. Рахмет...

Тұқымқуалаушылық. Ана денсаулығындағы түрлі ауытқулар. Жағымсыз экология. Әйтеуір, себеп көп. Бірақ, мамандар бұл кеселдің неден болатынын дөп басып айта алмайды. Бір белгілісі, жиі жүктіліктің салдарынан сәби дүние есігін ашар-ашпастан осы диагнозбен тізімге ілігетін көрінеді.

Талғат Жақыпбеков, травматолог-ортопед;

Жалпы, негізі бұл дерт біздің оңтүстікте көбейіп барады. Солтүстік өңірлерде туылған 100 баланы 10-ы осы дертпен ауырса, біздің түстікте 100 баланың 30-ы - дисплазия.

Дертті  дер кезінде, яғни, нәрестенің үш-төрт айлығынан бастап, емдеу - маңызды. Бұл орайда сәби қара жерді қаз басып жүргенге дейін, яғни, жамбас ойығына кірмей тұрып, ұршық басына ем-дом жасалуы тиіс. Әйтпесе, сүйек орнынан тайып кетуі мүмкін.

Талғат Жақыпбеков, травматолог – ортопед;

Аурулардың дені-біздің қазақтың қаракөздері. Себебі, олар көбіне, баланы бесікке қымтап байлап тастайды. Нәрестенің аяғын қатты буып, байлау-ұршықтың жамбастан шығып кетуіне себеп болуы мүмкін...

Туа болатын буынның таюы балаларды тас қылып, құндақтауды білмейтін Африка, Корея, Вьетнам секілді елдерде сирек кездесетін көрінеді. Мұндайда баланың екі аяғын бақа тәрізді керіп көтеру тиімді екені де баса айтылады. Ал, біздің қазақ баласы бесікке буылып өсетінін ескерсек, бұл кеселді ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. 

Гүлсанат ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ