Тілі де, түрі де ұқсас қырғыз елі ертеден-ақ қазаққа жақын. Бүгінде бір ғана оңтүстік өңірінде 2000-ға жуық қырғыз этносының өкілдері тұрады. «Олардың егемен елімізде еркін тіршілік етіп, тірлік қылуы – Елбасы ұстанған сарабдал саясаттың арқасы», - дейді, облыстық қырғыз мәдени орталығының төрағасы Абылай Рысбеков.
Мәдени шара қырғыз елінің қолөнер туындалары қойылған көрмеден басталды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар бауырлас елдің салт-дәстүріндегі ерекшеліктер мен ұлттық тағамдарын таныстырды. Қаны қырғыз болғанмен, қазаққа келін атанып, екі елдің де дәстүрін санасына сіңірген Аягүл ана өңіріміздің әлеуметтік дамуына да үлесін қосып келеді.
Қырғыз этносының мәдениеті күндерін атап өтуге еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ат салысты.
Дәстүрлі шарада Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқандар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Ойы ортақ, мақсаты бір оңтүстікқазақстандық әлеуметтің ауызбірлігі мен саяси тұрақтылығы байқалды. Мәңгілік елді мекен етіп, татулықтың озық үлгісін дәріптегендердің елдегі саяси бірлікке алғыстары шексіз.
Айжан ӘШІРХАН