Су тасқынының алдын алу бойынша өңірде 98 іс-шара атқарылған. Әзірге 30 шағын су қоймасын салып, оған 342,75 млн. шаршы метр су жинау көзделуде. 12 нысан бойынша жобалау сметалық құжаттама әзірленіп бітті. Биыл жергілікті бюджеттен 2 нысанға 174, 2 млн. теңге бөлінсе, қалған 10 нысанға 960,98 млн. теңге қарастырылған. Алайда, республикалық жол картасын бекіту кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 29 нысан енгізілмей қалған. Осы бойынша іс-шаралар кешені әзірленіп, облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінген. Жалпы құны шамамен 6,3 млрд. теңге болатын 30 шағын су қоймасының құрылысын жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады. Соның бірінші кезеңінде 5 жобаны іске асыру жоспарланған.
Жиында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де қаузалды. Сала мамандарының айтуынша, облысымызда 3253 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның бүгінде 1393-і күрделі, 1035-і ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ал, техникалық зерттеу қорытындысына сай, облыста қайта қалпына келтіруге жатпайтын апатты 14 үй бар. Бұдан бөлек, 18 үйдің сейсмо жағдайын нығайту қажет. Биыл 7 үйге облыстық бюджет есебінен қомақты қаржы бөлінді. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша да нақты істер пысықталды. Облысымызда кене шағу жағдайлары былтырғы жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға төмендеген. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Көшелерде сүт және ет өнімдерінің бақылаусыз сатылуына жол берілмеуі керектігін қадап айтты.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы