Абай Құнанбаев – өлеңдері мен қара сөздерін қазақ тілінде жазбаған. Мұны Шымкенттік ғалымдар растап отыр. Айтуларынша, Хәкім Абай өз еңбектерін біз оқып жүрген нақышта емес, түркі халықтарына ортақ – Шағатай өрнегінде жазған. Түпнұсқаның тайқып, бізге құбылып жетуі – кеңес саясатының қысымынан дейді зерттеушілер. Өйткені Абай шығармаларының түпнұсқасында кеңес саясатына керағар элементтер кездескен.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
– «Білесіз бе? Сіз бен біз оқып жүрген Абай: «Ей жүрегімнің қуаты перзенттерім» деп емес, «ей иүрәгимнің құуаты фәрзандләрім» деп жазған. Бұл Хәкімнің шағатай өрнегінде толғатқан басты еңбегі – Китабу Тасдиқ. Ғаламдардың зерттеуінше, ол басқа да шығармаларында Шағатай элементтерін жиі қолданған. Мәлелен: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» емес, «Мен йазбаймұн өлеңді ермек үчун» немесе «Замана ахыр жасдары, Қосұлмас һечбір басдары.» Бұл данышпан өлеңдерінің түзетілмеген түпнұсқасы. Зерттеушілер, Абай жазған қадім алфабитін толық меңгеріп, оны сол қалпы крилицаға түсірген.»
Бұл Абайтанушылар Ақжол Қалшабек пен оның шәкірті Әзімхан Исабек дайындаған жинақ. Қалың кітапқа Абайдың түпнұсқа еңбектері енген. Айтуларынша, қолжазбалардың басым бөлігін Мүрсиіт Бікіұлының ұрпақтары сақтап, біздің кезеңге жеткізген.
ӘЗІМХАН ИСАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
– «Білесіздер сол заманда қиын жағдайдайлар.. Ұлт азаттық көтерілісі, бермен қарай ашаршылық болады. Сол ашаршылыққа Абай атамыздың шығармалары тұспа-тұс кеп қалады. Сол кезде Мүрсиіттің ұлы Рақымбай Абайдың барлық шығармаларын ұстап алып..» «Ажар анамыздың басына барып көмген екен»
Елдің беті бері қарап, жағдай оңалған тұста Мұхтар Әуезов көмбеде қалған мұраға сұрау салады. Қолжеткізіп, қазір біз оқып жүрген нұсқа негізінде редациялайды. Тұпнұсқаны түзетпеске шара жоқ. Әйтпегенде Абай еңбектері тұншығып, қалың елімен қауышпай қалуы кәдік еді. Өйткені, Хәкімдегі кейбір ой-тұжырымдар Совет цензурасына қайшы келетін.
ӘЗІМХАН ИСАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
– «Өкінішке орай М.Әуезов сол заманның саясатына байланысты қазақы тілмен, шағатайдың өрнектерін астарлап беріп отырады. Бірақ, «китаб тастиқ» деген еңбегін қара сөздер қатарында береді.» «Бірақ ол кісінің бір ғана арманы болған..» «Абай атамыздың немересі Ақлиямен кездеседі ғой. Сол кезде білесің бе Ақлия, мен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша Абайдың еңбектерін бір сөзін өзгертпей жарыққа шығарғым келеді. Бірақ оған мына заман ырық бермей тұр ғой деп айтқан екен.»
Абай неге өз еңбектерін шағатай өрнегінде жазды. Сонда Хәкім өзге тілде ойлап, басқа тілде сөйлесті ме?! Жоқ, Ақжол Қалшабектің пікірінше, данышпан біз бен біз қолданатын қазіргі қазақ тілінде тілдескен. Бірақ, жазуға келгенде күллі түркі жұртына ортақ шағатай өрнегін қолданған. Өйткені, бұл тіл барша туысқан этностар ұғынатын халықаралық қатынас құралы еді. Біздіңше, мұның астарында «менің жазғаным тек қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа пайдалы болсын» дейтін ізгі ұстаным жатқан сыңайлы.
АҚЖОЛ ҚАЛШАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
– «Шағатай тілі деген бүкіл түркі әлемінің мың жыл бойы қолданған ғылыми-әдеби тілі болған.» «Қазір ағылшын тілі бүкілі қолданып жатыр ғой, біздің сондай ортақ тіліміз – шағатай тілі болған.» «Түрік халықтарына ортақ, аударманы қажет етпейтін тіл болған»
700 беттен тұратын көлемді кітапты құрастыру үшін зерттеушілер 10 жыл еңбектенген. Архивтерді ақтарып, жан-жақты ізденген. Сәтін салып, қолжазбалар табылғанмен оны оқи алатын кісі жоқ. Алған беттен тайсақтамаған ғалымдар, өз бетінше ізденіп қазірде қолданыстан шығып қалған қадым алфабитін үйренген. Соның негізінде Абайтану ғылымына бұрылыс жасап, тұпнұсқаны тірілткен.
АҚЖОЛ ҚАЛШАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
– «Негізгі тапқан жерлеріміз Семейдің архивтері. Сол Алматыдағы ғылым академиясындағы кітапхана. Орталық мұражайдағы қолжазбалар, М.Әуезовтың мұражай үйіндегі қолжазбалар.» «Біз Абайдың ең дұрыс нұсқасын жасауға тырыстық»
Жиынаққа Абай Құнанбайұлының бұрын соңды жарияланбаған, сирек кездесетін қолжазбалары да енген. Ғалымдар бұл арқылы «Абай қазақ тілінде жазбаған» деп ел ішіне іріткі салуды емес, тарихқа тік қарап, тағылым алуды көздейді. Түпнұсқа арқылы оқырман ұлы гуманистті бұрынғыдан да терең, жан-жақты түсінуге мүкіндік алады.