Шиеттей балапандардың үлкені – 10-да, кішісі – бір жасқа енді ғана толған. Былтыр екі қызы оқушы еді. Биыл екеуі бірдей мектеп табалдырығын аттамақ. Қыздарының киімі түгілі, ішер ас-ауқатын әзер тауып отырған Әлия Қайназарова тіпті, үй кезегіне де тұра алмай отыр.
Әлия Қайназарова – Шымкент қаласының тұрғыны
Үйдің кезегіне тұрайын деп барғанмын. Сөйтсем, ондағылар сендерде доход жоқ. Пенсионный жоқ дейді. Ал, жалғызбасты аналарға жеңілдік бар екен. Ол санатқа да кіре алмай отырмын. Өйткені, күйеуіммен заңды некедеміз. Ал, ажырасуға өтініш берейін десем, күйеуімді өзім де таппай отырмын.
Он екі жыл отасқан отағасының ойы нілдей бұзылып, жетіншісін туғанда жұмыс іздегенсіп, өзге қалаға кеткен.
Гүлсанат Қалмырзақызы – тілші
«Еркек - үйдің егесі. Әйел - үйдің шегесі». Бірақ, өкініштісі сол, үйленіп, бір болуға серт берген отағасының отанына оралмағанына жарты жылдан асыпты. Сылтауы- қыз туа бересің дейді. Ал, жанұядағы сұрықсыз тіршіліктің сыйқын мына сынып-бүлінген желдеткіштен-ақ анық аңғаруға болады.
Әлия Қайназарова – Шымкент қаласының тұрғыны
Қай қалада екенін ешкім білмейді. Үкіметтен мына балаларға 18 мың теңге қаржы аламын. Ай сайын. Бірақ, ол тіпті мына тұрып жатқан пәтер ақымызды да жаппайды. Әзірге күміс алқам бар. Енді мына балам бір жасқа толды. Құжаттарды алтын алқаға өткізейін десем, тағы да қол қысқа.
Әлияның өзі жөргегінен жетім. Бір анадан туған жалғыз бауыры бар. Оның өзі мүгедек. Жетісайда тұрады. Біздің түсірілім топ барғанда, мектеп жасындағы екі қызы нағашыларының үйіне қыдырып кетіпті. Ал, күйеуінің туыстары болса, Әлиядан ат-жалын үзіскелі қашан.
Әлия Қайназарова – Шымкент қаласының тұрғыны
Олар неге туа бересің деп, кіналайды мені. Мына үйді қыркүйектің бесінде босатуымыз керек. Ал, пәтер іздеп, қаншауына бардым. Жеті баламен ешкім кіргізгісі жоқ. Тым болмаса, уақытша пәтер жалдап тұруға қол ұшын беретін адам болса ғой.
Жаңа оқу жылы таяған сайын Әлияның тағдыры тығырыққа тірелгендей. Бар уайымы – балаларын қатардан қалдырмау. Ал, аядай ғана мына екі бөлмені пана еткен көпбалалы анаға үй қожайындары екі жетідей уақыт беріпті. Осы мерзім ішінде көшіп кетуі тиіс. Бірақ, барар жер, басар тауы жоқ. Өйткені, жеті баламен ешкім үйіне кіргізбейді, - дейді.
Ұлдана Перналы – қызы
Менің мектепке барғым келеді. Мамам маған сөмке, кітап, ручка әперсе, мен де әпкелерім сияқты жақсы оқыған болар едім...
Қыз – береке. Елдегі бейбітшіліктің нышаны. Үйдегі бірлігімізді бекемдеп, несібемізді молайтқымыз келсе, тарыққанға таяу барып, қол ұшын созайық! Көмектің үлкен-кішісі жоқ. Қол ұшын созғысы келген ағайын, «Оңтүстік» арнасына хабарласса болады.
Г. ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ