Акцияның мақсаты - халыққа білікті тегін заң көмегін көрсету. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да игі істің алғышарты. Аталмыш шара Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға қатысушы әрбір маманның міндеті - барлық азаматтарға құқықтық қолдау көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Жазира Әлжанова - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы
Мұндай шараның халыққа берері көп. Біріншіден уақытын үнемдейді. Көп есікті қағып, табан тозыдрмайды...
Ал жеті баланың анасы Атира Жетібаева акцияның өтіп жатқаны туралы әлеуметтік желілерден хабардар. Көпбалалы келіншек бір мезгілде бірнеше мәселе бойынша басқарма мамандарынан тұщымды жауап алды. «Мұндай игі шаралардың қарапайым халық үшін пайдасы зор»,- дейді.
Атира Жетібаева – Шымкент қаласының тұрғыны
Мамандардың берген кеңесіне көңілім толып тұр. Өте тиімді екен. Қандай мәселе болсын, шешімін осы жерден табасың...
Акцияға келушілерді көбіне әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй, құқық қорғау қызметтері, сот шешімдері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау сынды сұрақтар қызықтырды. Іс-шара нәтижесінде белгілі адвокаттар мен прокуратура, әділет, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік кірістер, полиция, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй, жастар, кәсіпкерлер және тағы басқа да сала өкілдері 400-ден астам қала тұрғындарына тегін кеңес берді.
Г. Қалмырзақызы