Президент жүлдесін сарапқа салған «Қазақстан Барысы 2016» турнирі биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Елімізден іріктелген 34 палуан бозкілемде жеңімпазды анықтады. Бұған дейін екі рет жүлдегер атанған жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев биыл да жеңісті қолдан бермеді. Финалда Бейбіт Оңтүстік Қазақстан облысының палуаны Жұманазар Ерсұлтановты таза жеңді. Еске салсақ, былтыр үшінші орынды иеленген Жұманазар жыл санап шеберлігін арттырып келеді.
Бүгін оңтүстік халқы Шымкент әуежайынан «Қазақстан Барысы-2016» турнирінің жүлдегері Жұманазар Ерсұлтановты арнайы күтіп алып, сый-құрмет көрсетті.
Айта кеткен жөн, үшінші орын үшін күресте тағы бір тараздық палуан Айбол Айтбек өз жерлесі Дәулетхан Жақыповты ұтып кетті. Еске сала кетейік, Ыстыбаев 2012, 2015 жылдары чемпион атанған болатын. Биыл жарыстың фавориті саналатын Руслан Әбдіразақов, Асыл Бәрменов, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаровтар финалға жете алған жоқ. «Көрермен көзайымы» аталымында Виктор Демьяненко мен Александр Касачев марапатталды.
Нұрсұлтан ӘБДІРАШИТ