77 жасқа қараған шағында жазушы, драматург, аудармашы Мархабат Байғұт дүниеден өтті. Күні кеше Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында қаралы жиын өтті. Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерімен қоштасу рәсіміне алыс-жақын қалалардан зиялы қауым мен жазушының оқырмандары жиналды.


Қазақ халқы, оның ішінде Оңтүстік жұрты ұлы перзентінен айырылған күн. Жазушыны ақтық сапарға шығару рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де бой көрсетіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатын жеткізді. Министр жазушының жақындары мен жиылған қауымға көңіл айтты.
Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында туған. Оның «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі» атты шығармалары көпке таныс. Сонымен бірге «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие» сияқты прозалық және публицистикалық кітаптардың авторы.
Қазақстанның Жазушылар Одағының төрағасы қаралы митингте Мархабат Байғұт шығармалары әлі де тиісті деңгейде өз бағасын алмағанын айтты.  
Драма театры ғимараты қара жамылған халыққа толды. Қазақтың арда азаматы Мархабат Байғұтпен қоштасуға, көңіл айтуға келгендердің қарасы қалың. Жазушы-журналистті ақтық сапарға шығару рәсімінде Шымкент әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз сөйледі. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімінің көңіл айту жеделхатын әкім орынбасары оқыды.
Мархабат Байғұттың “Бозторғайдың ұясы”, «Жоғалған Жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр сахнасында қойылған. Оның жазушылық шығармаларының арқасында қазақ әдебиеті тағы бір биікке көтерілді, әдеби еңбетері халықтың рухани азығына айнала білді, - дейді қаралы митингке жиналған зиялылар.
Жазушы, журналист, драматург, аудармашы Мархабат Байғұт 1996 жылы «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, Құрмет сыйлдығының иегері атанды. 2004 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2007 жылы Түркістан облысының Құрметті азаматы, 2009 жылы Қазақстанның құрметті журналисі атақтары берілді. Ал 2014 жылы «Парасат» орденімен, 2016 жылы Халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығымен марапатталған еді. Қош, Мархабат! Қош, қазақ әдебиеті мен руханиятының  алыбы!