Қазақстанда бұқаларды сыртқа шығаруға үш айға уақытша шектеу қойылды. Бұл шешім 2025 жылғы 14 мамырда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығымен қабылданды. Жаңа ереже 15 мамырдан бастап күшіне енді.


АЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Министрліктер 2025 жылғы 7 сәуірде қабылданған ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға қатысты ережелерге толықтырулар енгізіп, ірі қара малдың бұқасын экспорттауға арнайы шектеу енгізуді ұйғарды. Тыйымның негізгі мақсаты мал басының тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, жаппай экспортқа жол бермеу. Бұған дейін сәуір айының басында ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға уақытша шектеу қойылған болатын. Мал шаруашылығы саласындағы бұл шара елдегі ауыл шаруашылығы жануарларының санын арттыру және ішкі нарық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қабылданып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мал экспортына қойылған шектеу фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге оң әсерін тигізіп, елдегі ет және сүт өнімдерінің жеткілікті деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Министрліктер шектеудің үш айлық мерзімі аяқталған соң, мал шаруашылығындағы жағдайды қайта талдап, экспортқа қатысты шешімді жаңартуды жоспарлап отыр.