Қазақстандық спортшы Хамзаальпер Ромашкин таэквондодан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тағынды. Біріккен Араб Әмірлігінде өткен бәсекеде жерлесіміз бес бірдей қарсыласын айқын жеңіп, финалда канадалық спортшыны қапы қалдырды. Бүгін көк туды биік көтеріп, әлемге қазақ әнұранын тыңдатқан жеңімпазды спорт жанкүйерлері әуежайдан күтіп алып, құрмет көрсетті.


 14 жастағы чемпион таэквондоға 10 жасында келген. Талабы мен таланты қабысқан спортшы бұған дейін де бірнеше турнирлерде жеңімпаз атанып, тәжірибе жинақтаған. Бағы мен бабы тоғысқан Хамзаальпер әлем чемпионатына 4 айға жуық дайындалып, оқу-жаттығу жиындарына қатысқан. Енді ол алда өтетін Азия біріншілігінде бақ сынайды.


 ХАМЗААЛЬПЕР РОМАШКИН, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

 – «Қазір алда бізде Азия чемпионаты. Құдай қаласа Азияда бірінші орын аламын. Сосын Олимпиада. Олимпиадаға дайындаламын.»

 «Осы жарыста мінез көрсеттім. Барынша тырысып бақтым.» 


 Чемпионның анасы ұлын қолдауға Араб әмірлігіне арнайы барған. Бірақ, жарыс алаңында жүрегім елжіреп, жекпе-жекті толық тамашалай алмадым, -дейді.


 ЕЛЕНА РОМАШКИНА, СПОРТШЫНЫҢ АНАСЫ

«Жекпе-жектің аяқталуына санаулы секунтар ғана қалған. Ол 11-0 есебімен жеңіліп жатты. Ана жүрегім елжіреп, трибунадан жылап шығып кеттім. Бірақ, іштей оның жағдайды өз жағына бұрып, мінез көрсететіне сендім. Ана жүрегі алдамаған екен. Балам үмітті ақтады.»


 Жарыс деңгейі жоғары. Әлем чемпионатында оңай қарсылас жоқ. Осылай деген жеңімпаздың жеке бапкері әр қарсыласты жеке зерттеп, соған сай тактикалық әдіс-айла дайындағандарын айтады.


 ИНАМИДДИН АБИДЖАНОВ, АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

 – «Қарсыластарды алдын-ала көріп алғанбыз. Кім қалай жұмыс істейді? Сетка шыққан соң соған сай дайындалдық.» «Үміт ақталды. Көк туымыз желбірей берсін.»


 Чемпионды жанкүйерлер әуежайдан арнайы күтіп алып, салтанатты құттықтау шарасы өтті. Онда спортшының әріптестері мен қала тұрғындары жас өренге сәттілік тілеп, естелік суретке түсті.