Шымкентте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті. «Әдебиет әлемі әдемі» атты бұл жиынға отандық және шетелдік әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Іс-шарада мемлекет басшысының арнайы құттықтау хаты оқылды. Әдебиеттанушылар мен жазушылар жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайлы баяндама жасады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Мұның барлығы Мархабат ағамызға деген құрметті, сыйды білдіреді. Себебі Мархабат ағамыз көзінің тірісінде осындай құрметке лайықты еңбек еткен. Ұлт үшін аянбай жұмыс істеген кісі.
Мархабат Байғұт 1945 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Пістелі ауылында дүниеге келген. Журналистика мен әдебиет саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Оның алғашқы әңгімелері 60-жылдары жарық көрсе, алғашқы кітабы 1978 жылы оқырманға ұсынылды.
ҚЫЗДАРКҮЛ БАЙҒҰТ, ЖАЗУШЫНЫҢ ЖҰБАЙЫ
Алтын Ордада бүгін үлкен той болып жатыр. Мәкеңнің 80 жылдығына орай. Осы жастарға ағаларының білімі, жолы жұғысты болсын. Рақмет баршаңызға.
Мархабат Байғұттың туындылары қазақ қоғамының әр кезеңдегі көрінісі. Оның 10 повесі, 100-ден астам әңгімесі және 6 пьесасы ұлттық әдебиет қазынасына енді. Әсіресе, оңтүстіктің шынайы кейіпкерлерін бейнелеуі ерекше ықыласқа ие.
АНАР ЖАППАРҚҰЛ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Мархабат ағамыздың шығармаларының ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіндігінің дәлелі. Мәңгі өлмейтіндігінің дәлелі. Көзінің тірісінде елдің бәрін кітап оқуға, ізгілікке, адамгершілікке үндеген. Ағамыздың әр шағармасы қазақ деген ұлт барда өлмейді.
Конференцияда әдебиет пен мәдениеттің болашағы, жастарға үлгі болатын шығармаларды дәріптеудің маңызы айтылды. Жазушының мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жететініне сенім білдірді. Оның әдеби мұрасы қазақ әдебиетімен бірге мәңгі жасайды.