Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің «Достық» командасы 11-14 мамыр аралығында Түркістан қаласында өткен XIII жазғы Универсиада ойындарында үстел теннисінен командалық есепте жеңімпаз атанды. Финалдық кездесуде олар Спорт және туризм академиясын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Бұдан бөлек, 27 сәуір-5 мамыр аралығында Астана қаласындағы «Sairan Arena» спорт кешенінде футзалдан өткен республикалық студенттік турнирде «Достық» қыздар командасы жоғары шеберлік танытып, тағы да жеңіске жетті. Соңғы жеті жыл бойы үздіктер қатарынан түспеген бұл команда ұйымшылдық пен табандылықтың үлгісін көрсетті.
Университет ұжымы жеңімпаздарды ерекше қошеметпен қарсы алып, салтанатты шара ұйымдастырды. Команда мүшелері мен бапкерлеріне алғыс хаттар, қаржылай сыйлықтар және университеттің 25 жылдығына арналған медальдар табысталды. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.
Спортты жанына серік еткен Әсел «Достық» қыздар командасының мүшесі. Ол турнирлерде ғана емес, университеттің ішінде де белсенді. Оқуда озат, ал спортта шеберлік танытып жүрген студент бұл жеңіс үлкен еңбек пен тынымсыз дайындықтың нәтижесі дейді.
ӘСЕЛ ӘНУАРБЕК, СТУДЕНТ
Жарысқа ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған қарсыластар өте мықты болды. Әсіресе финалдық кездесулерде жоғары деңгейде ойнауға тура келді. Бірақ біздің ұйымшылдық пен бапкерлеріміздің кәсіби дайындығы жеңісіміздің негізі болды.
Университеттің дене шынықтыру кафедрасы спорттық мамандар даярлауды жалғастырып, магистратура бағдарламасын ашуды жоспарлауда. Халықаралық стандарттарға сай спорт кешені де жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар спортпен айналысатын талапкерлерге арнайы жеңілдіктер ұсынылады.
РАБИҒА ҚУАТБЕКОВА, Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Біздің студенттер үлгілі спорт кешенінде жаттығып жатыр. Бар жағдай жасалған.Спортпен айналысамын деген талапкерлерге жеңілідіктер қарастырылған. Бұл тек біздің университеттің ғана емес, еліміздің, мегаполистің де жеңісі. Мұндай табысты спортшыларымыз бар екені қуантады
Осылайша Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің спорттағы табыстары білім ордасының жоғары деңгейін көрсетіп, ел мақтанышына айналып отыр.