Ақындар мектеп аралап жүр ме? Олай емес. Айтыскерлер №135 жалпы орта білім беретін ұйым директорының арнайы шақыртуымен келіп, ұлттық өнерді бала бойына дарытып кетті. Білім ошағының басшылығы демеушілер есебінен ат пен шапанын да қонақтарға дайындап қойыпты. Ұлттық нақышта тәлім мен тағылым беріп, аты шыққан ұжымға әріптесім барып, сөз жүйріктерінің қағытпа қалжыңы мен орынды әзілін тыңдап, сергіп қайтты.


Біржан басшы мен ұстаз Жандостың айтысы бұл.  Біржан Байтуовтан «Қаратау» өнер мектебінің мұғалімі, қол астындағы қызметкер Жандос Мырзабеков «жұмыста неге отырған жоқсың» деп тиіседі. Әрі қарай әдемі әзілге құрылған жыр шумақтары төгіле берді. Өздерінің жұмыс тәртібін көргендей мектеп ұжымы да күліп, жадырасып қалды.
№135 ЖББМ ұлттық өнерді дәріптеп, айтыскерлерді әдейі шақырған. Негізі мектеп тәрбиенің ішінде ұлттық тағылымды басты орынға қояды екен. Мектеп басшылығының айтуынша, 9 айда 9 түрлі аталыммен шаралар легі өткен. Ашылғанына 2 жыл болған білім ошағы бүгінде өзінің ерекше тәрбие беру форматымен көзге түсті.  
Ақындар айтысы 16 желтоқсан тәуелсіздік күніне арналды. Ақын қонақтарды мектепке Бекарыс Шойбеков бастап келген. Біржан Байтуов, Кәрима Оралова, Анар Жаппарқұлова, Жандос Мырзабеков, Қажымұқан Абзалов сынды оңтүстік өңіріне танымал ақындар өзара жұп болып айтысып, балаларға үлгі көрсетті.