Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Өзбекстан Республикасының Спорт министрі Адхам Икрамовпен екіжақты кездесу өткізді. Онда Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин, Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров және спорт саласындағы бірқатар ұйым басшылары талқы өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар бірлескен іс-қимылдың өзекті бағыттарын талдады. Күн тәртібіндегі мәселе спорт кадрларын даярлау, паралимпиадалық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін бірлесе насихаттау. «Бізді ортақ мақсат, тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту спорт саласының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Ербол Мырзабосынов. Бұдан бөлек министр Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталғанын атап өтіп, Өзбекстан тарапын тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.