Түркістан облысында 51,1 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан 110 мың гектар жерді мемлекетке қайтару жоспарланған.
Жалпы, республика бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жерді айналымға енгізу барысында, мал жаю үшін ауылдық әкімдіктерге бекітілген 2036,8 мың гектар жайылым жердің 497,5 мың гектары яғни, 24 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Былтыр елді мекендерді қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз ету бойынша 68,2 мың гектар жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл өңірде 831,8 мың шартты мал басына жайылым тапшылығы 539,8 мың гектарды құрап отыр. Жұмысшы топ тарапынан 3960 жер пайдаланушылардың 372,6 мың гектар жайылым аумақтарына мал басының тіркелмегендігі анықталған. Осыған орай, аудан, қала әкімдіктерінде жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды, бекітілген жоспарды уақтылы орындауды тапсырды. Түркістан облысында барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды.