Осы аптадан бастап Парламент өкілдерінің өңірлердегі кездесулері басталды. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев пен Ұласбек Сәдібеков, сондай-ақ, Нұрсұлтан Байтілесов пен Темір Қырықбав Сайрам ауданында ашылған шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты.


Парламент өкілдері Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекеніндегі «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің банан өсіру кешенімен танысты. 5,3 гектар аумақты алып жатқан жылыжай ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылып, 5,4 гектарға қызанақ, 1,0 гектарға құлпынай, 2,7 гектарға қияр өсіру жоспарда бар. Жоба құны 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделген. Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты іске асырып жатқанына ризашылығын айтты.


ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында мәжілісмендер Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-нің балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн. теңгені құрайды және мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған. Бүгінде аудандағы 20 агроқұрылым балық шаруашылығымен айналысады. Осы кәсіпорындармен 2024 жылы 1271,6 тонна тауарлы балық өндірілген.


ҰЛАСБЕК СӘДІБЕКОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Аграрлық саланы заман талабына сай дамыту мәселесіне назар аударған мәжіліс депутаттары, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында берген тапсырмаларына тоқталды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық салаға айналуы тиіс екенін айтып, ол экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс деп байыптады. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі екенін айта отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру басты мәселе екенін жеткізді.


ТЕМІР ҚЫРЫҚБАВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Кездесу барысында кәсіпкерлер суды үнемді пайдалану, несие беру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, осы бағыттарда жүйелі мемлекеттік саясатты орнықтыруды көтерді. Айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштердің нақты іске асырылуында депутаттар салалық орталық мемлекеттік органдарға жеткізіп, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы белсенді қызметін жалғастыратын болады.