3 күндік нәрестенің жүрегіне от жасалды. Күрделі операцияны Беларуссиядан келген кардиохирургтар жергілікті мамандармен бірлесе отырып іске асырды. Шымкентке шетелден арнайы шақыртылған ақ халаттылар отандық дәрігерлермен тәжірибе алмасып, шеберлік сағаттарын өткізді. Іс-сапар аясында жаңа туған 8 нәрестеге ота жасап, әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Қазір олар жоспарланған 8 науқастың алтауына операция жасап үлгерген. Нәтиже қалай? Сәбилер есін жинады ма? Жағдайлары қай деңгейде? Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.
Несібелі Бейсенбаеваның қуанышында шек жоқ. Өйткені, бүгін оның 2,5 айлық сәбиі есін жинады. Туа бітті жүрек ақауы диагнозы қойылған нәрсетеге 7 сағатқа жуық операция жасалған. Ота сәтті аяқталып, науқас 1,5 тәулік дегенде көзін ашты. Қазір жағдайы бір қалыпты.
НЕСІБЕЛІ БЕЙСЕНБАЕВА, НАУҚАСТЫҢ АНАСЫ
«Балам есін жиды. Дәрігерлердің арқасында барлығы.» «Жүрегінде ақауы болды. Қазір кетті.»
Минсктен келген маман бір апта көлемінде жасалған операциялар тізбегі сәтті жүргізілгенін айтады. Мұнан кейін сәбилерге аса сақ күтім мен жоғары деңгейлі оңалту шаралары қажет.
ЮРИЙ ЛИННИК, КАРДИОХИРУРГ
«Өз жұмысымызға көңіліміз толады деп айта аламыз. Ауыруханадағы заманауи медициналық технологиялардың арқасында бұрын жасалмаған жүректің ақаулары мен ісіктерді алып тастау сияқты күрделі оталарды жасап жатырмыз. Жалпы қазір балалар арасында жүрек ауырулары көбейіп бара жатқан соң кардио медицинада ұдайы жаңа технологияларды енгізіп, мамандардың біліктілігін арттырып отыру аса маңызды».
Белоруссииядан төрт маман келген. Шетелдік дәрігерлер Қазақстанға бұған дейін де ат басын бұрып, тәжірибе алмасқан еді. Ал бұл жолғы оталардың бірден бір ерекшелігі – операцияға жаңа туған нәрестелер таңдап алынған. Олардың ең үлкені 2,5 айлық сәби, ең кенжесі туғанына небәрі 3 күн болған шақалақ. Бұл жүктемені одан сайын көбейтіп, ота деңгейін күрделендіре түседі. Бұл отандық медицинаға серпін беріп, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін ұштайды, - дейді Талғат Бердібеков.
ТАЛҒАТ БЕРІБЕКОВ, КАРДИОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Үйренетін нәрсе өте көп. Операцияның көлемі. Техника. Онда дәрігерлерге үйренетін нәрселер көп. Одан бөлек анестезиолог, реаниматологтарға керек нәрселер бар. Дәрілердің дозаларын есептейді операция барысында.»
Айта кетейік, операция жасалған көпбейінді балалар ауыруханасында педиятрия және балалар хирургиясы бойынша 31 бағыттағы мамандандырылған медициналық қызмет көрсетіледі. Мамандар Израйл, Белорусь, Түркия және Ресей сынды мемлекеттерде біліктілігін жетілдіріп отырады.