Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. Биылғы сөз додасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.
Айтыстың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов құттықтау сөз сөйлеп, Ахмет Байтұрсынұлының ел тарихындағы орнына тоқталып, қазақтың айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді. Қоғам өзгеріп жатыр. Осы оң өзгерістерді болашаққа ақындар жеткізеді деген үмітін де жасырмады.
Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміздің ең үздік 18 ақынының Түркістан төрінде бас қосқанына қуанышты екенін айтты. Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан төріндегі «Алтын домбыра» айтысына тегіннен өтіп жатқан жоқ. Президент тапсырмасы бойынша Тұран ерекше мәртебеге ие болу тиіс. Сондықтан «Алтын домбыраның» Түркі жұртының рухани төрінде өтуі заңдылық. Мәдени шараларды өткізуге рухани астана әрқашан әзір - дейді әкім.
Түркістан төріндегі айтыс 2 күнге жалғасып, тартысты өткен додада Еркебұлан Қайназаров топ жарды. «Алтын домбыра» мен 3 млн теңгеге ие болды. Рүстем Қайыртайұлы жүлделі І орынды, Біржан Байтуов пен Шұғайып Сезімхан ІІ орынды (1 млн), Талғат Мықи мен Хазрет Бердіхан және Мөлдір Айтбайқызы ІІІ орынды (750 мың) иеленді. «Алтын домбыраның» 500 мың теңгелік арнайы жүлдесі Нұрлан Есенқұловқа, Арғынбек Қалбаевқа, Қалижан Білдәшқа бұйырды. Өзге де айтысқа қатысушы ақындарға 300 мың теңгеден табысталды. Айта кетейік, республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Былтыр бұл додада түркістандық Бекарыс Шойбеков жеңімпаз атанған болатын.