Бір жылдың ішінде 116 қылмыс. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің ақпараты бұл.  Қалада төтенше жағдайлар департаментінде болған бірқатар оқиғалардан соң шу әлі басылмаған сыңайлы. Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетімен арнайы жиын өткізді.


Департамент мамандарының сөзіне қарағанда, қазір бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысында шикілік байқалады. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, 116 қылмыс тіркелген. Салалар бойынша, көш басында құқық қорғау, денсаулық, мәдениет, жанар жағармай, білім, квазимемлекеттік сектор және құрылыс тұр. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қаралып жатыр.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 10 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның төртеуі аумақтық департаменттер. Бұл комитетте де бақылау, қадағалау функцияларын жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдардың қызметі сияқты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоқ емес. Статистика бойынша комитет құрылған 2 жыл ішінде 2 адам сотталған.
Жиын барысында мемлекеттік қызметкердің әдебі туралы да сөз болды. Қазіргі таңда комитеттерде,департаменттерде сыбайлас жемқорлыққа қатысты түсіндіру, алдын алу жұмыстары барынша жүргізіліп жатыр.