Колледж студенттерін қалай кітап оқуға тартамыз? Бұл мәселемен Shymkent жоғары педагогикалық колледжінің басшылығы бас қатырып жүргенге ұқсайды. Ұжым қалалық семинар ұйымдастырған. «Колледж кітапханасы: жаңа тенденциялар және жаңа құзіреттіліктер» атты жиында не айтылды? Кімнің әдісі қызық әрі озық болды?
Оқыту-семинарына қаладағы 40-қа жуық колледж кітапханасының мамандары келіп отыр. Кітапхана ісінің ардагер қызметкерлері де шақырылған. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларды кітап оқуға қалай тарту керектігін түсіндірді. Білім басқармасының мамандары болса, қазіргі бағдарламаларға сай кітапхана ісін жабдықтау жайын айтты.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, министрліктің бастамасымен «Оқырман колледж» жобасы жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік тілдегі кітаптарға қазір басымдық берілген. Колледж кітапханасының базасы жыл сайын толығып отырады екен. Семинар барысында тәжірибелі ғылыми кітапханалардың мамандары да пікір білдіріп, осындай жиындар өткізіліп отыруы керек деді.
Айта кетейік, ұстаздар ұстаханасына айналған білім ошағында қазір 1400 бала білім алып жатыр. Колледж шетелдік 17 білім беру ұйымымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. 3 жыл қатарынан өз шәкірттерін Кембридж университетіне жіберіп, оқытқан екен. Білім ошағының базасы да жыл сайын толығып, материалдық техникалық мәселелері шешіліп жатыр. Алдағы уақытта білікті педагог-кадрларды даярлау ісін ілгерілету ісін жалғастыра бермек.