Қазақстан Ұлттық банкі жаңа төлем әдісін енгізуді бастады. Енді қазақстандықтар криптовалютамен төлем жасауға мүмкіндік беретін криптокарталарды қолдана алады. Бұл жоба «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы лицензияланған крипто биржалар арқылы жүзеге асады.
Криптокарта төлем жасау кезінде криптовалютаны автоматты түрде сатып, соманы теңгеге айналдырып, банк картасына аударады. Сонымен қатар, Ұлттық банк биыл цифрлық активтер саласында бірнеше пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында цифрлық теңгемен есеп айырысу жүйесі, қаржы активтері мен жылжымайтын мүлікті токенизациялау, және инновациялық қаржылық сервистер бар. Бұл жобалар елдің цифрлық экономикасын дамытуға, төлем жүйелерін жетілдіруге бағытталған.