Көктемнің соңғы айы Мархабат Байғұт өмірге келген мерзім еді... Биыл туғанына 78 жыл толды. Марқұмның артында қалған туыс-туған, дос-жаран өз туған жерінде жиналды. Сағынышқа айналып үлгерген жазушыны еске алды. Қала кітапханалары да шара өткізді.
«Әкемнің екінші өмірі басталды». Драматургтың қызы Ақлима Байғұт өз сөзінде осылай деп қалды. Қазақтың Мархабаты артында қалдырған құнды сөзімен ел жадында мәңгі қаларына сенімді.
Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы кештің атауын «Сағынышқа айналған суреткер» деп қойған. Себебі, жазушының шығармаларында сағыныш тақырыбы жиі қозғалады. Әдеби кеш аясында түрлі мүшайра жарияланыпты. Эссе-байқауы да қорытындыланды.
Естеріңізге салсақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері М. Байғұт былтыр қараша айында дүние салған еді. Жазушының «Шілде», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім» және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған.