Міндетті таңбалау тауар сапасын арттырады. Ақпан айынан бастап елімізде сыра өнімдері арнайы белгімен сатылымға шығатын болады. Жауапты мамандар осыған байланысты арнайы жиын өткізді. Мегаполистегі кәсіпкерлерге өнімнің заңдылығы жайында түсініктеме жұмыстарын жүргізді.


Цифрлық таңбалау – әр өнімге бірегей Data Matrix кодының жапсырылуы процесі. Ол ұлттық бақылау жүйесінде тіркеледі. Код өнімнің бүкіл жолын бақылауға мүмкіндік береді. Тауар өндірушіден немесе импорттан бастап, тұтынушыға жеткізілгенге дейін өнімнің сапасы қадағаланады. Осылайша, бизнес заңды түрде жұмыс істейді, Мемлекет қосымша салық түсімдерін алады, ал тұтынушылар контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғалады.


НАЗЫГҮЛ ТҰРАШЕВА, БІРЫҢҒАЙ ТАУАРЛАРДЫ ТАҢБАЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ ОПЕРАТОРЫНЫҢ ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ

Ол үшін бізде арнайы мобилдік қосымша бар. Әр тұтынушы сол қосымшаны өздеріне жүктеп алып темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар мотор майлары мен сыра өнімдері. Қосымша арқылы осы өнімдер жайында тұтынушы толық ақпар ала алады.


Қазақстан азаматтары өнімнің заңдылығын және түпнұсқалығын Naqty Onim тегін қосымшасын пайдаланып тексере алады. Егер код жарамсыз немесе мүлде жоқ болса, азаматтар өтініш қалдырып, ол реттеуші органға жіберіледі.


АЙБОЛСЫН ЗЕЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Таңбалауы жоқ сыра өнімдері 2027 жылдың бірінші қаңтарына дейін рұқсат етіледі. Салық төлеушілерде өтпей қалған таңбасы жоқ сыра өнімдері болса 2027 ші жылдың 1 қаңтарына дейін өткізуге мүмкіншілік бар.


Міндетті таңбалау өнім айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, нарықтағы заңсыз өнім көлемін азайтуға, салықтар мен акциздер жинауды арттыруға оң ықпал етеді. Сондай-ақ адал өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерін қорғауға арналған. Бүгінгі таңда Қазақстанда алты тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілген. Келешекте елімізде таңбалауға жататын тауар санаттары артады.