Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесуде өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және институционалдық ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Кездесу барысында Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетін ерекше атап өтіп, өңір бизнесін қолдау мүмкіндіктеріне тоқталды. Жер мәселесі, инфрақұрылым, инженерлік желілерге қосылу, рұқсат рәсімдері, тексерулер мен қаржыландыруға қолжетімділік – кәсіпкерлер жиі кездесетін кедергілер. Жиында осы бағытта жобаларды бірлесіп сүйемелдеудің нақты әрі түсінікті механизмін қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар палата цифрлық шешімдерді енгізуді және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға дайын екені айтылды. Кездесуде шағын, орта және ірі бизнеске арналған нақты құралдар да таныстырылды.