Шымкентте «Ауыл» партиясының өңірлік филиалы жанындағы «Ауыл жастары» қанатының ұйымдастыруымен конституциялық реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында жастар елдегі саяси өзгерістерді талқылап, ауылды дамыту мен жас буынның қоғамдағы рөлі жөнінде пікір алмасты. Толығырақ тілші материалында.
Кездесу барысында қатысушылар конституциялық реформалардың ел дамуына, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалын талқылады. Әсіресе, жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы, өңірлердің дамуы мен ауыл жастарын қолдау мәселелері негізгі тақырыптардың біріне айналды.
Дөңгелек үстел барысында спикерлер реформалардың басты мақсаты - әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін күшейту және халықтың мемлекет басқаруға қатысу мүмкіндігін арттыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары да ортаға салынды.
Іс-шара соңында қатысушылар мұндай пікір алмасу алаңдарының жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.