Енді балабақшалар мен мектептер алдын ала ескертусіз тексеріледі. Елде 1 ақпаннан бастап бақылау тәртібі өзгерді. Мамандар балалардың қауіпсіздігі, соның ішінде білім беру және тамақ сапасына басымдық берілетіндігін айтады.


Бақылау шаралары жоғары және төмен санатқа бөлінеді. Алғашқысы кемінде алты айда, ал кейінгісі жылына бір рет жүргізіледі. Ата-аналар хабардар болу үшін тексеріліп жатқан ұйымдардың тізімі ашық жарияланады.


АЛДАРҚҰЛ АХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бақылау санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен қағидалардың сақталуын тексеру мақсатында, объектілерге алдын ала хабарламай, кенеттен бару қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте тексерулерді прокуратура органдарында міндетті тіркеу талабы сақталады. Ерекше бақылау және мониторинг нәтижелері бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары ретінде айыппұлдар қолданылмайды, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріледі.


Тексерілетін нысандар жалпы білім беретін ұйымдар, мектепке дейінгі балалар ұйымы, арнайы түзету ұйымдары, сауықтыру, білім ошақтарының ас блоктары мен мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын өзге де ұйымдар жатады. Оларға жоспарлы, жоспардан тыс тексеру, тергеп-тексеру, нысандарға бару арқылы мониторинг жүргізіледі.


АЛДАРҚҰЛ АХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Мекемелер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған жағдайда осы ерекше тәртіппен тексеріледі. Ерекше тәртіппен тексеру үшін тізім жасалынады. Әр алты айға бір тізілім жасалынады. Ол біздің департаменттің сайтына бекітілдеді. Және сол тізілімге сәйкес сол нысанға ерекше тәртіптегі тексеру жүргізіледі.


Тексеру кезінде бастапқыда анықталған кемшіліктер үшін мекемеге айыппұл салынбайды. Олар олқылықты жоюға міндеттеледі. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат берілмеген немесе бұзушылықтар жойылмаған жағдайда аумақтық бөлімше жоспардан тыс тексеру тағайындайды.