Шымкент теміржол вокзалында «құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Мамандар, жолаушылар мен қала тұрғындарына заңдық кеңес айтып, көктесті сауалдарға жауап берді. Халық пен құқық қорғау қызметкерлері ашық диолог орнатып, пікір алмасты.
Іс-шара барысында азаматтар құқық қорғаушыларға өзге де түрлі сауалдарын жолдады. Полицейлер халыққа жаднама таратып, қалта ұрылары мен оқыс оқиғалардан сақ болу қажетін түсіндірді. Былтыр Шымкент станциясында есірткіні алып өтуге қатысты 4 қылмыс және психотроптық 17 теріс әрекет тіркелген. Оның денін иіс сезгіш қызметтік иттер анықтаған. Сондай-ақ былтыр вокзалда 12 ұрлық дерегі анықталған. Өзгенің қалтасына қол сұққандар жедел ұсталып, іс қозғалған.
НҰРЛАН ҚОШҚАРБЕКОВ, ШЫМКЕНТ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
Осы жылдың 1 ай 10 күнінде біздің қорғау аймағымызда бірде-бір ұрлық жәйті тіркелген жоқ. Ол осы жұмыстардың нәтижесі деп білеміз.
Мұндай іс-шаралар халық пікірін тыңдап, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар. Акцияға шаһардағы көлік прокуратурасы мұрындық болған. Олар азаматтардың транспорт саласына қатысты пікірлерін тыңдап, арыз-шағымдарын түртіп отырды.
НҰРМАХАНБЕТ КҮЗЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ
«Бұл іс-шараның арқасында азаматтардың құқықтық сауаты жетіліп келеді. Сондай-ақ теміржол, транспорт саласындағы проблемалық мәселелерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып келеді.»
Іс-шара барысында жолаушылар мамандарға көкейтесті сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды. Сұрақтардың дені теміржол саласына бағытталған.
ЛЕСБЕК ТАШКЕНБАЕВ, ЖОЛАУШЫ
Вокзалдағы кішігірім түсініксіз сұрақтар бар еді, соның жауабын алдым.Зейнеткерміз ғой, соған арзан билет бар ма екен деп сұрап келіп отырмыз. – Барма екен? – Бар екен.
Мамандар «Заң және тәртіп» жобасы шеңберінде өткен шара халық пен заң өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді, дейді. Ал мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.