Жаңа Ата заң жобасы бойынша азаматтар мен сарапшылардан 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Комиссияның соңғы отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова осылай деді. Жиында комиссия мүшелерінің алдағы жұмысы туралы айтылды. Конституцияның қорытынды жобасы ертең БАҚ-та жарияланады.


Конституциялық комиссияға жаңа Ата заңның жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түскен. Маңызды құжаттың мәтіні мен мазмұнын жаңарту кезінде азаматтар, сарапшылар қауымдастығы мен бизнес және түрлі қоғам өкілдері белсенділік танытқан.


ЭЛЬВИРА ӘЗІМОВА – ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ

 Әрбір бағыт бойынша құқықтық және мазмұндық талдау жүргізілді. Ұсыныстар олардың негізділігі және іске асырылу мүмкіндігі тұрғысынан бағалануда. Мұндай белсенділік қоғамның жоғары деңгейдегі қатысуын айқын көрсетеді және жаңа Конституция жобасын талқылаудың шынайы, ашық әрі мазмұнды сипат алғанын дәлелдейді.


Келіп түскен ұсыныстар ескерілді, терең талданды. Тиісінше, Ата заңның жаңа жобасына бүгінге дейін қосымша нормалар бекітілді. Маңызды құжаттың мәтіні 12 отырыста талқыланып, одан бөлек секциялық топтардың, БАҚ өкілдерінің, заңгерлер мен лингвистердің, филологтар мен саясаттанушылардың сүзгісінен өтті.


 ЕРЛАН ҚАРИН – ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге Комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап я түсініктеме беріліп отырды. Осылайша Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірі мүмкіндігінше ескерілді.


Айта кету керек, Конституцияның жаңа жобасы 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Мәтіннің 84 пайызы жаңарған. Құжат тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылды. Ал Конституциялық комиссия мүшелері жұмысын әрі қарай жалғастырады. Олар өңірлерді аралап, халықпен кездеседі.