Қыркүйек айында «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алған болатын. Жалпыхалықтық байқауға 66 мың шымкенттік тіркелген. Енді олар алты ай бойы ұсынылған 15 кітапты оқып тауысып, мән-мазмұнын талдайды. Жеңімпаздарға үлестірілетін жалпы жүлде қоры - 40 млн теңге.

Жобаға қоғам мүшелерін түгел тарту көзделген. Отбасылық формат, оқушылар, колледж білім алушылары, университет студенттері, мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдер түрлі санатқа жіктеліп, өзара сынға түседі. Жас ерекшелігіне қарай ұсынылатын кітаптардың да мазмұны әр алуан. Оқушыларға балалар әдебиеті ұсынылса, ересектер қалың кітаптарды оқиды.

ЖОБА АЛТЫ БАҒЫТТЫ ҚАМТИДЫ:
    •    «Кітап оқитын мектеп» – оқушылар арасындағы байқау;
    •    «Кітап оқитын колледж» – студенттер арасындағы пікірсайыс;
    •    «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындары арасындағы зияткерлік дода;
    •    «Кітап оқитын педагог» – ұстаздарға арналған сайыс;
    •    «Кітап оқитын әулет» – отбасылық форматтағы жарыс;
    •    «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» – қоғам алдындағы тұлғалардың рухани дамуын қолдауға бағытталған жоба.

БАҚЫТБЕК БИДАУЛЕТҰЛЫ, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ КЕҢСЕ ЖЕТЕКШІСІ
 – «Жеке кабинет ашып тіркелген соң әрбір оқыған кітаптарына пікір қалдырады. Пікір екі түрлі нұсқада қабылданады. Біріншісі бейнежазба форматында, екіншісі жазбаша түрде. Оны модераторлар тексеріп, оқыған оқымағанын анықтайды

Жоба орыс және қазақ тілдерінде қатар жүреді. Әр санат бойынша ауылдық, аудандық және қалалық іріктеу сайыстары өтеді. Қатысушылар оқыған әр туынды жайында пікір жазып, әлеуметтік желіге жариялайды. Мұндағы мақсат — кітап оқуды үрдіске айналдырып, тренд ету. Әл-Фараби кітапханасында зиялы қауым өкілдері жиылып, жобаның жөн-жосығын талдады. Жас буынмен тілдесіп, кітап оқудың мән-маңызын түсіндірді.

АНАР ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Қай саланың адамы болмасын кітап оқитын болса одан көп үміт күтуге болады. Біз қазір жаһандану, жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Адамдардың қатайып бара жатқаны жалған емес. Адамды игілікке бастайтын бірден бір жол кітап оқу.


 Байқауға қатысушылардың қарасы қалың. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттер белсенді. Олар оқыған әрбір туындыны өзара талдап, пікірталас өткізіп жүр.

БАЛАУСА САПАР, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
– «Кітап оқитын ұлт жобасына қатысып жүрмін. 15 кітапты оқып жүрмін. Соның ішінде маған қатты ұнағаны «Шұғаның белгісі» шығармасы.» «Кітап оқу арқылы біз өз жолымызды тапсақ болады.»

 ІНЖУ АБЫЛХАН, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
– «Кітап оқу ең алдымен өзіміз үшін керек. Білімді жас ел болашағын жарқын етері сөзсіз.»

Айта кетейік, алты айға созылатын байқаудың қорытындысы бойынша әр санат жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орынға - 1 млн теңге, екінші орынға -600 мың теңге, үшінші орынға -400 мың теңге беріледі.