Ордабасылық оқушылар республикалық чемпионатта топ жарып, Түркияда өтетін жарысқа жолдама алды. Жас өнертапқыштар ASTANA TECH CUP–2026 байқауында талантымен дараланып шықты. Бүгін жеңімпаздарды жақындары күтіп алып, жылы лебізін білдірді.


Арман мен Қуаныш – Ордабасыдағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектептің 11-сынып оқушылары. Жас өнертапқыштар ғылыммен айналысуды бала күнінде-ақ қолға алған. Білім алушылар бірлесе отырып, ерекше жоба ойлап тапқан.  


АРМАН АПТАРБЕК, ОҚУШЫ
Ауыл шарушылығына байланысты ауыл шаруашылығындағы проблемаларды шешетін жоба дайындадық. Яғни оның ішінде автономды трактор, автономды суғару жүйесі, су бетіндегі қалдықты тазалайтын кеме, қоқысты бөліп тастайтын қоқыс автоматтары.


Жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға арналған олимпиадаға 2500 ге жуық талапты да талантты жастар қатысты. Өз жобаларын қорғап, көпшілікке таныстырған.


РАҚЫМЖАН БЕКЕН, ЖЕТЕКШІ  
Қазіргі таңда айтатын болсам өзіміздің президентіміздің ұсынысы бойынша жасанды интелект барлық жерлерде дамып жатыр, тек қалада ғана емес, ауылдың мектептерінде де цифрланған жүйе толықтай даму үстінде. Соның бірден бірі дәлелі осы ауылдық мектептің Республикалық олимпиададан 2 орын алуы.


Мектеп қабырғасында оқушылардың ғылыммен айналысуына мол мүмкіндік қарастырылған. Мұнда олар теорияны тәжірибемен ұштастырып, ғылымға ден қоя алады,-дейді мектеп басшылығы.


ЖАНДОС ҚОШАН, Қ.СЫПАТАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Мектеп тарапынан әрине тек қана қолдау көрсетеміз.Біздің мектепке робототехникаға керекті құралдар бөлінген болатын.Балалар мұнымен жұмыс істеді.Алдағы уақытта да жұмысты жалғастыратын боламыз.


Екі күн бойы өткен жарыста жеңімпаз атанған оқушылар Анталия қаласында өтетін олимпиадада бақ сынамақ. Ордабасылық білім алушылар алдағы уақытта ауыл шаруашылығындағы түйткілді шешу үшін бірегей жоба жасауды жоспарлап отыр.