Түлкібас ауданында әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағы құрылады. Маңызды бастама биылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болады.


Жобаның негізгі тұжырымдамасы – «Орталық Азияның жүрегі, әлемге ашылған терезе». Бұл идея Түлкібасты тек ішкі туризмнің емес, Орталық Азия мен әлемді байланыстыратын халықаралық мәдени-туристік орталыққа айналдыруды көздейді.Мега жоба аясында Қазақстандағы алғашқы цифрлық мәдени-туризм платформасы іске қосылады. Экологиялық туризм, мәдени тәжірибе және сауықтыру демалысы үйлескен әлемдік деңгейдегі туристік дестинация қалыптасып, Түлкібас еліміздің жаңа мәдени-туризм брендіне айналмақ. Барлық құрылыс және жоспарлау жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қызмет көрсету сапасы мен басқару жүйесі кәсіби деңгейде ұйымдастырылады. Жобаның негізгі бағыттары – ауыл шаруашылығы, мәдениет, туризм және сауықтыру салаларын өзара ықпалдастыру, жергілікті тұрғындарды оқыту және жұмыспен қамту, сондай-ақ халық табысын арттыратын көпарналы экономикалық модель қалыптастыру. Жоспарға сәйкес, жоба аумағында қонақүйлер, гастрономиялық нысандар, сауда-ойын-сауық кластері, гүл аңғары, шаңғы және шөптен сырғанау аймақтары, жұлдызды шатырлар, ипподром мен ұлттық ат ойындары кешендері бой көтереді. Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын өндіретін шеберханалар мен шағын өндіріс орындары ашылады.