Болашақ колледжінде Жаңа Конституция жобасы талқыланды. Шара барысында қатысушылар ұсынылып отырған құжаттың мазмұнымен танысты.
Жиын барысында Конституцияға ұсынылып отырған негізгі әрі өзекті өзгерістер талқыланды. Атап айтқанда, білім мен ғылымды дамыту, мәдениет пен инновацияны қолдау жаңа Конституцияның басты бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.
ЗӘУРЕ СЕҢГІРБАЕВА, БОЛАШАҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Әсіресе бізді қызықтыратын бағыт ол білім саласы деп ойлаймын. Өйткені білім саласында өзгерістерді қажет етіп тұрған тұстары кездесіп жататын жайы бар. Оның ішінде мемлекеттік грант, қаржылай жобаларға бөлінетін қаржылар.
Жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысы мен заман талаптарына сай әзірленіп, мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат ретінде ұсынылды. Құжат жаңа мазмұнмен толықтырылып, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Ата Заңда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты бекітілген. Сонымен қатар, ұсынылып отырған жобаның құрылымы кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
ДИАНА ҚАСЫМ, СТУДЕНТ
Қазіргі таңда түрлі оқыс оқиғалар орын алып жатыр.Жаңа Констиуцияда осы негізге алынған.Яғни басты құндылық-адамның өмірі мен құқығы делінген.Әрине, жаңа өзгерістер елімізге тың серпін береді деген ойдамын.
Қазақстан бүгінде халықаралық деңгейде азаматтық еркіндік пен адам құқықтарын қорғауды берік ұстанатын мемлекет ретінде танылып келеді. Бұл бағыт қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, халық арасындағы бірлік пен татулықты арттыруға негіз болмақ. Әсіресе, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау ел дамуының маңызды тіректерінің бірі саналады. Алдағы уақытта Конституция мазмұны заман талабына сай жаңартылып, озық құқықтық нормалармен толықтырылмақ.