Түркістан төрінде қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Мұзбалақ ақын – Мұқағали» атты әдеби-танымдық кеш өтті. «Достық үйінде» өткен тағылымды шара поэзия сүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, жыр әлеміне жетелеген рухани кездесу болды.
Поэзиялық кешке қатысушылар сахна төрінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармашылық қойылымдар арқылы ақын поэзиясының негізгі тақырыптары мен идеяларын көрерменге жеткізді. Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді.
Іс-шараның мақсаты – ақынның шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, оның поэзиясы арқылы жастарды әдебиетке баулу. Бұл жастар үшін тек әдеби кеш қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, еркін қарым-қатынас орнатуға және шығармашылық тұрғыда өзін-өзі көрсетуге арналған орта болды
Ақын сөзіне жазылған «Саржайлау», «Сенің көзің», «Мен деп ойла», «Жас қайың», «Туған өлке» әндері шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас буын өкілдері ақынның жүрек тербетер өлеңдерін нақышына келтіре оқып, поэзияға деген құрметтерін көрсетті. Кеш соңында белсенді қатысушылар марапатталды.