Төлеби ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік және қаржылық көмектерді алу тәртібі, сондай-ақ оларды заңсыз пайдаланған жағдайда туындайтын құқықтық жауапкершіліктерді түсіндіруге арналған жиын өтті. Кездесуге аудан тұрғындары, ата-аналар, жастар және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.


Іс-шара барысында аудан прокурорлары тұрғындарға соңғы уақытта жиілеген интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер туралы айтты.  Мамандар күмәнді қоңыраулар мен жалған хабарламаларға сенбеу, жеке мәліметтер мен банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу керектігін ескертті.


Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік және ата-аналардың жауапкершілігі туралы кеңестер берілді. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қосатынын атап өтті.


 Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын алу барысында заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және алаяқтық қылмыстардың алдын алу болып табылады.