Екінші дүние жүзілік соғыста 500-ге жуық Қазақстандық ерлік көрсетіп, кеңес одағының батыры атанған. Соның бірі Жолдыбай Нұрлыбаев. Ол 1922 жылы Мақтаарал ауданы, «Өнімкер» ұжымшарында туған. Сол ауылдағы орта мектепті аяқтап, 1940 жылы Алматыдағы Қазақ комунистік журналистика институтына оқуға түседі.
Қоғам ісіне араласып, түйіткілді тақырыптарға арнап ауқымды мақалалар жазады. Өлең шығарып, поэзия әлемін зерттейді. Құлашын кеңге жайып, халыққа танымал бола бастайды. Бірақ, кенеттен сұм соғыс оты тұтанып, 1941 жылы майдан даласына аттанады. Соғыста капитан шенін алып, батарея командирі болады. Ол басқарған батарея Сталинград, 3-ші Оңтүстік, 4-ші Украина, 1-ші Белоруссия майдандарына қатысады. Еңбегі ерен ер «Сталинград үшін», «Отан соғысы» медальдарымен марапатталды. Өкінішке қарай, батыр сарбаз 1945 жылы майдан даласында ерлікпен қаза табады. Ер есімі ел есінен өшкен жоқ. Жолдыбай Нұрлыбаевқа арнап халқы еңселі ескерткіштер тұрғызып, мектепке атын берді. Даңқты ерлігін ұлықтап, ұл-қыздарына насихаттап келеді. Соның бірі – Төребек Айтбаев. Ол батыр ұлан жайындағы архивтік деректерді жинап, есімін ел жадынан шығармауға атсалысып келеді.