Түркістан облысында жасанды интеллекті бар цифрлық медициналық орталық ашылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруды тапсырған еді. Мақсат аясында өңірде жасанды интеллект жүйесін іске асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарланып отырған орталық соның айқын көрінісі.
Аталған орталықта бірыңғай байланыс орталығы, жасанды интеллекті бар дауыстық роботтар, жасанды интеллекті бар өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары, ситуациялық орталықтар орналаспақ. Ал, PACS жүйесі сүт безі мен өкпе обырын, онкологиялық және басқа ауруларды ерте анықтауға және дәрігерлердің жұмысын оңтайландыруға үлкен үлес қосады деп күтілуде. Облыс әкімі медицина саласын цифраландыру жұмыстарын жеделдетуді, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Аппарат отырысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың қортындысымен медикодемографиялық көрсеткіштер тұрақты жағдайда. Бүгінгі таңда халықтың медициналық ұйымдарға тіркелу мәселесі өзекті. Басқарма тарапынан заңсыз тіркеу деректерін анықтау жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылып, жіберілген кемшіліктер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшысы жасанды интеллект жайында да кеңінен баяндады.
Түркістан облысында заманауи талаптарға сай медициналық нысандар салынуда. Облыс орталығында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға тапсыру көзделуде. Одан бөлек, Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана салу жоспарланған. Сонымен қатар Арыс және Сауран аудандарынан 500 келушіге арналған аудандық емхана салу көзделген.