Түркістан облысында спортты, туризмді және инвестицияны дамытуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен кездесіп, Ұлттық спорттық-оқыту және сауықтыру хабын салу мәселесін талқылады. Жобада футболшыларға арналған заманауи, тәулік бойы жұмыс істейтін жаттығу базасы қарастырылған.
Ауқымды инвестжоба Сарыағаш ауданында салынбақ. Бұл аймақ ауа-райының қолайлылығымен ерекшеленеді, сондықтан база жыл бойы үздіксіз жұмыс істей алады. Жобаны жүзеге асыру барысында инфрақұрылымды жобалау және басқаруда жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделген. Хаб тек жаттығу орны ғана емес, халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындайтын толыққанды орталық болмақ. Келіссөздер барысында облыс басшысы жобаның стратегиялық маңызына тоқталып, жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Спорт қалашығының аумағы шамамен 100 гектар болмақ. Мұнда жеті футбол алаңы , жабық футбол алаңы, футбол академиясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық-сауықтыру орталығы, спортшыларға арналған тұрғын үй кешені, медициналық және реабилитациялық орталықтар, тренажер залы және демалыс паркі салынады деп жоспарланып отыр.
МҰХТАР ҚОШҚАРОВ, BRAND CONCEPT КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
«Жоба аймақтың туристік әлеуетін де арттырады. Сарыағаш ауданында қазіргі уақытта шамамен 70 санаторий мен курорттық нысан жұмыс істейді, ал жаңа хаб бұл инфрақұрылымды толықтырып, туристерді тартады. Жобаны іске асыру кезінде 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылмақ, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді.»
Құрылыс жұмыстары үш кезеңге бөліп жүргізілмек. Мамандар, болашақта бұл кешен Орталық Азияда теңдесі жоқ толыққанды спорт қалашығына айналуы мүмкін, деп бағалап отыр.