Облыс көлемінде 3273 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылған. Спорт саласындағы өзекті мәселелер мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне бұқаралық спортты дамыту, көрсеткіштерді жақсарту бағытында тапсырмалар берді.


 Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2024 жылмен салыстырғанда 27438 балаға немесе 69 пайызға артты. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен.


 Түркістан облысының спортшылары 2025 жылы Сурдлимпиада, Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1668 медаль жеңіп алды. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 46 медаль немесе 2,7%-ды құрады. 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 74 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 745 спорт шеберлігіне үміткер спортшы дайындалды. Сондай-ақ облыстан ұлттық құрамаға 766 спортшы енді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артты.


Ақпан айының 4-9 аралығында «Олимпик центр» спорт кешенінде таеквондодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. «Түркістан марафон – 2026» бұқаралық жүгіру марафоны, ескек есу арнасында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты да өткізілмек. Параканоэден Азия чемпионаты, сондай-ақ ескек есу спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының барлық жас санаттары бойынша ел чемпионаттары толықтай Түркістан қаласында өтеді. Жалпы спорттық іс-шараларға 40 мыңнан аса адам келеді деп жоспарланып отыр.