Бүгін қалалық мәслихат депутаттары Ата Заңға енгізілген өзгерістерді талқылады. Отырыста елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның негізгі бағыттары қаралды.


 Жиында Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген жаңа Конституция жобасы таныстырылды. Реформа «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына негізделіп, заң мен тәртіпті нығайтуға, адал азамат пен таза қоғам құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ескі Конституция посткеңестік ел екенімізді айқындап тұрушы еді.Ал референдумға берілгелі тұрған жаңа Конституцияның мәтініне қарасаңыздар, түсінікті жазылған.Бұл жаңашылдықтың басты ерекшелігі деп ойлаймын.


Жаңа Конституция жобасында бір палаталы Парламент – Құрылтай моделін енгізу ұсынылды. Ал заңға өзгерістер мен толықтырулар тек референдум арқылы бекітілетіні белгіленген. Жиында сөз алған Бахадыр Нарымбетов Конституциялық комиссия жұмысының маңыздылығына тоқталды. Мәслихат төрағасы жаңа жобада адам құқығын қорғау деңгейі артқанын, бір палаталы Парламент заң қабылдау үдерісін жеделдететінін айтады.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Барлық сұранысты жүйелеген кезде Заң мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізілді.Жаңа редакциясында ұлттық тарихымызға көңіл бөлініп отыр.Сондай-ақ, өркениет, білім мен ғылымды бөлек бапқа шығарды.


Жаңа жоба құрылымдық тұрғыда да өзгерді. Онда преамбула, 11 бөлім және 95 бап қарастырылған. Жалпы алғанда, қолданыстағы Ата заң мәтінінің 84 пайызы жаңарды.