Бүгін қаламгерлер мен қоғам өкілдері бас қосып, келелі жиын өткізді. Отырыста Мемлекет басшысының сұхбатында көтерілген бастамалар мен Ұлттық құрылтайда айтылған өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу аясында Мемлекет басшысының сұхбатында көтерілген өзекті ой-пікірлерге талдау жасалып, ел болашағына қатысты бастамалар төңірегінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда қозғалған маңызды мәселелер де назарға алынды. Жиын барысында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғам өміріндегі рөлі, білім мен мәдениет саласына ықпалы жан-жақты сөз болды. Қатысушылар жаңа заман үдерістеріне сай даму тетіктері жайлы пікір алмасты.
БІРЖАН БАЙТУОВ, «ҚАРАТАУ» ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Үш жыл бойы Ұлттық құрылтайдың әлеуметтік даму бағытында жұмыс атқардық. Бірнеше ұсыныстар айттық. Ел ішіндегі түрлі мәселені көтердік. Олар өз шешімін тапты.
Күн тәртібінде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жобалар да кеңінен қамтылды. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалды.
АНАР ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп жатыр. Биыл «Тағдыр» романын таңдап алдық. Бұл акция аяқталғаннан кейін «Бір қала – бір кітап» акциясы басталады.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы өзекті тақырыптар төңірегінде ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық диалог алаңы рухани құндылықтарды дәріптеу мен кітап оқу мәдениетін дамытуға тың серпін берді.