Тұрғындар үшін таң енді атып жатқанда, ал тазалық сақшылары үшін жұмыс күні әлдеқашан басталып кеткен. Күн шықпай жатып-ақ іске кірісіп, қаланың тазалығына үлес қосып жүрген коммуналдық қызметкерлер — аса маңызды еңбек иелері. Олардың жұмыс уақыты нешеде басталады? Қандай аумақтарды тазалайды? Қанат Жолдасбек таңғы тіршілікті көріп қайтты.

 Олар сіз бен біз тәтті ұйқыда жатқанда оянады.


Кейіпкерлеріміз алдымен жұмыс бөлмесіне шоғырланып, бағыт-бағдар айқындайды.


 Кімнің қайда, не істейтіні белгіленді. Енді қызметкерлер дереу іске кіріседі.


 Абай ауданында 556 коммуналдық қызметкер, 174 арнайы техника жұмыс істейді. Мамандар шағын аудандарға бөлініп, бригадаларға жіктеледі. Мәселен, 26 мың тұрғыны бар Асар шағын ауданында 168 көше, 30 көп қабатты тұрғын үй бар. Олардың тазалығына 26 маман жауапты. Олар таңғы 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қызмет атқарады.


 ӘБДІКЕРІМ РАДЖАПОВ, БРИГАДА ЖЕТЕКШІСІ
– «Жұмысшыларға жайлы жағдай жасалған. Түс уақытында жылы жерде отырып, түскі ас іше алады. Қызметкерлердің көңіл-күйі жақсы. Жұмысқа деген құштарлығы жоғары.»


 Еркінбек Отаров — коммуналдық қызметте 8 жылдан бері жұмыс істейді. Ауа райының құбылмалы мінезіне, қар-жаңбырына, аптап ыстығы мен сарышұнақ аязына қарамай еңбек ететін ол өз ісінен ұялмайды, қайта мақтан тұтады. Өйткені қоршаған ортаның таза болуы, қаланың әсем көрінісі — тікелей оның арқасы.


ЕРКІНБЕК ОТАРОВ, КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕР
– «Қар да күреп кете береміз. Жаңбыр жауса арық-атыздарды да тазалаймыз.» «Қара суықта енді қалың киім беріп қойды. Форма берді. Жаурамаймыз. Аяқ-киім де берген.» «Айлықты уақытылы беріп жатыр.»


Тазалық сақшылары жазда ағаш бұтап, тал-дарақ түбін қопсытады. Гүл егіп, оны суғарады. Орындықтарды бояп, жыл он екі ай қоқыс жинайды. Қыстың күні қар күреп, автокөлік жолдарына инертті материал себеді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Сіз бен біздің көктайғақта сүрінбеуіміз, қоқыс кешіп, одан шығатын жағымсыз иісті жұтпауымыз — дәл осы тазалық сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі.