Түркістанда танымал қаламгер Елтай Бимаханбетұлының «Қырсық келін» атты драмалық шығармасы сахналанды. Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен спектакль көрерменге отбасы жарастығын дәріптейді.
Саналы ғұмырын әдебиет әлеміне арнаған жазушы өз шығармаларында әлеуметтік тақырыптарды қаузаған. Ана мен бала, келін мен ене арасындағы қарым-қатынасты суреттеп, отбасындағы түйткілді мәселелерді көтереді. Қойылым басталар алдында қаламгердің өмір жолы туралы бейнежазба көрсетіліп, өнер майталмандарына сөз берілді.
БАҚЫТЖАН БИМАХАНБЕТ, ЕЛТАЙ БИМАХАНБЕТҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ
Әкем бұл шығармасында отбасылық құндылықтарға ерекше мән берген. Туындыны жазған кезде алдымен анама оқып беретін. Бізге де келіп, кем-кетігін бірге түзейік деп жүретін. Баға беруімізді сұрайтын. Араға көп уақыт салмай-ақ, бұл шығарма қаланың театрларында сахналана бастады.
Қойылым арқылы автор отбасында орын алатын келеңсіз жайттарды бейнелеп, әр кейіпкердің болмысын жан-жақты ашқан. Спектакль адами қасиеттердің құндылығын айқындай түседі.
ЕРКІНБАЙ КЕРІМБАЙҰЛЫ, «ШАПАҒАТ» МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ АЗАМАТТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Шығармада қазіргі қоғамда орын алып жатқан түйткілді мәселелер қозғалған. Мәселені көтере отырып, автор отбасы құндылығын дәріптеген.
Драма көрермен көңілінен шықты. Келушілер өнер иелеріне алғысын білдіріп, қойылымнан түйген ойларымен бөлісті.