Мемлекеттік тілді үйренемін дегендерге ешқандай кедергі жоқ. Керісінше, барлығы үшін жайлы жағдай жасалған. Қаласаңыз тіл үйрету орталығына барып тегін дәріс ала аласыз. Қаласаңыз, мұғалімдер жұмыс орныңызға барып ақысыз сабақ өтеді. Бастысы – ниет пен ықылас. Былтыр мұндай қызметті 1500-ге жуық шымкенттік пайдаланған. Жауапкерлер бұл мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, қоғамдық бірлікті нығайтады дейді.

Орталық қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытады. Былтыр мемлекеттік тіл курсына 780 азамат жазылып, аптасына екі рет, екі сағаттан сабақ алды. Қазақ тілі 5 деңгейден тұрады. Әр деңгейді оқушылар 4 ай оқиды. Нәтижесінде түлектер ауызекі және ресми іс-қағаз тілін меңгереді. Егер жұмыс қарбалас болса, мамандар ниет білдірушінің жұмыс орнына барып дәріс өткізе алады.

ГҮЛАНАР ҚАЛДЫБАЕВА, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ- ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.У.А.
Мекеме кемінде 10 адамнан көп қатысушы жинаса, біздің мұғалім арнайы барып 4 ай бойы сабақ өткізеді.

Орталық оқушылары әлеуметтік желіде арнайы челлендж бастады. Онда олар 1 минуттық бейнеролик түсіріп, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқиды.


Қазақ тілі қазақтың ғана тілі емес, дейді Анита Мещерякова. Сөзінше, мемлекеттік тіл – ел азаматтарының бәріне ортақ. Оны құрметтеп, қолдану аясын кеңейту – сіз бен бізге ортақ жауапкершілік. Қазақ тілін жетік меңгерген ару өз ортасына оны үнемі насихаттап жүреді. Университетте қазақ тобына оқитын ол, болашақта қазақ тілді журналист болғысы келетінін айтады.

АНИТА МЕЩЕРЯКОВА, СТУДЕНТ
Күнделікті өмірде орыс тіліне қарағанда қазақ тілін көбірек қолданамын. Университетте, отбасы ортасында тек қазақша сөйлесеміз. Қазақша сөйлесу бізге ыңғайлы, орысшаға қарағанда.

 Айта кетейік, тілдерді оқыту орталығының қолдауымен «Оңтүстік» телеарнасында «Тіл үйренейік» бағдарламасы эфирге шықты. Былтыр көрермен назарына 10 саны ұсынылған жобада мемлекеттік тілдің құрылымы мен грамматикасы үйретіледі. Арна басшылығы мен орталық ұжымы игі жобаны әрі қарай жалғастыруға ниетті.