Түркістан облысы әкімдігінде мемлекеттік сатып алу саласында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы айтылып, 2026 жылға арналған жоспарлар қаралды. Аппараттық мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмаларды жүктеді.
Мәжілісте облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақәділ Сатыбалды баяндама жасап, өңірдегі сатып алу рәсімдерінің жай-күйі мен анықталған заңбұзушылықтар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу жылдық жоспары 339,7 млрд теңгені құрап, 117 мыңнан астам тармақты қамтыған. Оның 60 пайыздан астамы облыстық басқармаларға тиесілі. 2026 жылға облыстың мемлекеттік сатып алу жоспары 219,1 млрд теңгені құрап отыр. Алдағы кезеңде басқарма тарапынан сатып алуларға тұрақты мониторинг жүргізу, бәсекелестік тәсілдерді кеңейту, отандық және жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру, сондай-ақ заңбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту жоспарланған.