Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Кеңесте жылыту маусымының барысы, күнделікті мәселелер, қаланы басқару жүйесіне цифрлық деректер мен жасанды интеллектіні енгізу жоспарлары, сондай-ақ, туризм күнтізбесін қалыптастыру мәселелері қаралды.


Мегаполисте  жылыту маусымы басталғалы бері 91 апатты жағдай тіркелген. Барлық ақау жедел қалпына келтіріліп, тұрғындардан шағым түспеген. Қаңтар айындағы газ жеткізуге уақытша шектеулерге қарамастан, 3-Энергоорталық пен коммуналды қызметтердің жұмысы тұрақты режимде жалғасып келеді. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуде шектеулер жоқ. Биыл қалада 75 шақырымнан астам жылу желісін жөндеу, қазандықтар мен сорғы станцияларын, жылумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Қуатжылуорталық-3» МКК-ін цифрландыру жұмысы, оның ішінде электронды құжат айналымын енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру жалғасуда.Қалада «Shymkent Hub» аясында ірі білім беру бастамалары іске асырылуда, сонымен қатар, Freedom Telecom компаниясымен бірлесіп «AI LAB» жасанды интеллект зертханасын іске қосу жоспарланып отыр.


Сонымен қатар, «QAZTECH» бірыңғай платформасына көшу аясында қаланың ақпараттық жүйелері есепке алынып, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Smart Shymkent жобаларына да мониторинг жүргізілді. Сәтті жүзеге асырылған бастамалардың қатарында дрон инфрақұрылымы бойынша пилоттық жоба, инсультті диагностикалауға арналған «CEREBRA AI» жүйесі және жасанды интеллект негізіндегі пациенттерге автоматты қоңырау шалу жүйесі бар. Тиімділігі төмен деп танылған бірқатар жоба уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, қаланың ситуациялық орталығында «Smart Data Ukimet» жүйесі жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 124 ақпараттық жүйе интеграцияланып, 12 басқарушылық ұсыныс іске асырылған. Жоба 2026 жылдың маусым айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Шымкентте наурыз айында 10 елден келген шеф-аспаздардың қатысуымен Халықаралық гастрономиялық фестиваль өтеді. Бағдарламада шеберлік сағаттары, жергілікті мейрамханалар арасындағы байқаулар және ТМД елдерінен келген байкерлер қатысатын мотомаусымның ашылуы бар. Сәуір айында көктемнің символына арналған «Қызғалдақ» фестивалі ұйымдастырылып, қызғалдақтар шеруі, театрландырылған қойылымдар, флористер көрмесі және концерттік бағдарламалар өтеді.