Түркістан облысында нан бағасы тұрақтанды. «Инсаф» және «Ғажайып» нан өндірушілері күн сайын нарыққа 2 мың әлеуметтік нанды 70 теңгеден ұсынып отыр. Сонымен қатар облыста делдалдық жүйе тоқтап, шаруалар өз өнімдерін нарыққа тікелей шығара алатын болды. Бұл мәселе әкім аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.
Облыста бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары қолға алынған. Қазіргі таңда күнделікті қолданыстағы тауарлар қала аумағындағы 70-ке жуық ірі супермаркеттерге, базарлар мен әлеуметтік дүкендерге жеткізіліп жатыр. Жауаптылар жыл басында облыста бағаның өсуі байқалғанын айтты. Десе де жедел шаралар қабылданып, бүгінде нан бағасы бастапқы қалыпқа келтірілді.
НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары соңғы екі жыл ішінде тұрақты деңгейде сақталып келді. Соның нәтижесінде өңір азық-түлік бағасы көрсеткіші бойынша республика көлемінде алғашқы орындарда болды. Бүгінгі таңда 31 азық-түлік тауарларының 6-уы бойынша баға республикалық деңгейден жоғары болса, қалған позициялар бойынша орташа деңгейде сақталып отыр. Бірінші аптада баға өскенімен, екінші және үшінші аптада көрсеткіш 100 пайыз деңгейінде тұрақтады.
Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру мақсатында тауар өндірушілермен алдын ала форвардтық келісімдер жасалған. Желтоқсан айының соңынан бастап осы келісімдер арқылы алынған көкөніс өнімдерін нарыққа шығару жұмыстары басталды.
ӘЛІБЕК ПЛАЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне жеке тоқталсақ, өңірде кеш мерзімде пісетін 79,4 мың тонна картоп өндірілді. Қамтамасыз етілу деңгейі — 74 пайыз. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 6,8 мың тонна өнім бар. Ал ерте мезгілде пісетін картоппен облыс халқы екі есе артығымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ тұрақтандыру қоры арқылы 2,7 мың тоннаға форвардтық келісімшарт жасалатын болады.
Ал облыс басшысы Нұралхан Көшеров азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекітіп, бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ қоймаларда сақталып тұрған азық-түліктің аудан және қала тұрғындарына таратылуы мен сатылуына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Аудан, қалаларда әлеуметтік дүкендер ашу бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіздер. Облыс аумағында азық-түлік бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын.
Облыста кеш мерзімде пісетін 20 мың тонна сәбіз өндірілген. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1,8 мың тонна өнім бар. Ерте мезгілде пісетін сәбізбен облыс халқы екі есе артығымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар құс еті, жұмыртқа, балық еті және өзге де азық-түлік өнімдерімен қамту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.