Қазақстанда 380 мыңнан астам туа біткен жүрек ақауы бар бала есепте тұр. Жыл сайын шамамен 3 мыңға жуық нәресте осы дертпен дүниеге келеді. Мамандар аурумен күресу, ем-дом шараларын дұрыс жүргізу және алдын алу жолдарын тұрақты түрде түсіндіріп келеді. Осы мақсатта «Кеңес мектебі» жобасы қалыптасқан. Жоба аясында жоғары білікті мамандар ата-аналарға бағыт-бағдар береді.


Шымкент қаласына Астанадан арнайы маман келіп, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сағатын өткізді. Туа біткен жүрек ақауы бар нәрестелерді қабылдап, арнайы құрылғылардың көмегімен тексеріс жүргізді. Мәселен, 10 айлық бұл нәрестеге дүниеге келген бойда қажетті ота жасалған. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты. Дегенмен, қосымша операциялар мен ем-дом шараларын қажет етеді.


АЙКЕРІМ ЖАНАТҚЫЗЫ, БАЛАЛАР КАРДИОЛОГЫ
 – «Жүрек ақауларының кейбірі бір ғана операциямен емделмейді. Кей жағдайларда екінші, тіпті үшінші рет ота жасау қажет болады.» «Әуелі баланы ультрадыбыстық тексеруден өткіземіз. Жіті зерттегеннен кейін ота жасау тәсілі анықталады.»


Шеберлік сағатына 30-дан астам педиатр, неонатолог және функционалдық диагностика дәрігерлері қатысты. Практикалық сабақтар барысында 8 науқас балаға тексеріс жүргізу көзделген. Сонымен қатар ата-аналарға «Пациенттік мектеп» жобасы аясында ашық диалог форматындағы кездесу ұйымдастырылады.


ШОЛПАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР-КАРДИОЛОГ
Іс-шараның мақсаты – туа біткен жүрек ақауларын диагностикалау сапасын арттыру және дәрігерлердің практикалық біліктілігін жетілдіру. Бағдарлама аясында балаларға эхокардиография жүргізу, күрделі клиникалық жағдайларды талдау және тәжірибе алмасу жоспарланған. Бұл ата-аналардың ауру туралы түсінігін кеңейтіп, алдын алу жолдарын меңгеруіне мүмкіндік береді.


 Облыстық балалар ауруханасында жыл сайын 180-ге жуық нәрестенің жүрегіне операция жасалады. Дәрігерлердің айтуынша, туа біткен жүрек ақауларының негізгі себептері – жүктілікті дұрыс жоспарламау, ауыр күйзеліс, сондай-ақ түрлі инфекциялық аурулар.


ТАЛҒАТ БЕРДІБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ КАРДИОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
 – «Аурудың пайда болуына инфекциялар, генетикалық факторлар және зиянды әдеттер әсер етуі мүмкін.»


Мамандар «Пациенттік мектеп» жобасын одан әрі жетілдіріп, биыл Қазақстанның 7 қаласында конференция өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жобаның Telegram әлеуметтік желісінде онлайн чат нұсқасы да іске қосылған. Онда ата-аналар туа біткен жүрек ақауына қатысты сұрақтарын жолдай алады.