Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуына қажетті басым бағыттарды атап көрсетті. Саяси реформаларды баяндап, оның қалай іске асу қажеттігін нақтылады. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттарды қамтып, денсаулық сақтау саласына да жекелей тоқталды. Дені сау ұлттың алар асуы биік екенін меңзеген Президент медицина саласының қарыштап дамуы қажеттігін айтты. Ал саланың одан әрі ілгерілеуі үшін сапалы кадр қажет. Болашақ дәрігерлерге қандай жағдай жасалған, олар қалай білім алып жүр? Қанат Жолдасбек танысып қайтты.
КСМ: Студенттер Ұлттық құрылтайда қамтылған саяси шешімдер мен пікірлерді талқылау үшін дөңгелек үстел басына жиналды. Елдің өткені сараланып, келері бағамдалған алаң жайында пікір айтып, іркіліссіз сөз сөйледі. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Президент айтқан үдерістерге ілесу үшін білім беру бағдарламасына жасанды интеллект пәнін енгізген.
СПИКЕР: АРУЖАН МИЯТ, СТУДЕНТ
– «Осы оқу орнында теорияда алған білімді практикамен ұштастыра аламыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған.» «Президенттің құрылтайда айтқан пікірлерін ұйып тыңдадым және қажет тұстарын түртіп алдым.»
Дөңгелек үстел барысында тарих кафедрасының меңгерушісі Жанат Нұржанбаева баяндама жасап, құрылтайда айтылған ой-пікірлерді шолып шықты. Президент нұсқаған Абайдың толық адам іліміне тоқталып, оның мән-маңызын түсіндірді.
ЖАНАТ НҰРЖАНБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚОҒАМДЫҚ ПӘНДЕР КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
– «Абайдың толық адам тұжырымдамасы жастарға тәрбие беруде академиямыздың өзегіне айналып отыр.» «Әл-Фарабидің, Ясауидің құндылықтарын жастарға тек атаулы күндер қарсаңында емес, күнделікті насихаттау қажеттігін тапсырма етіп жүктеп отыр. Біз бұл тапсырманы орындап келеміз.»
Дөңгелек үстел әрі қарай сұрақ-жауап форматында жалғасты. Студенттер оқытушыға көкейтесті сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.